шығысқазақстандық Сая Бекбосынова республикалық «Абай оқуларының» жеңімпазы атанды

Версия для печатиPDF versionEPUB version

Петропавлда Қазақстан халқы тілдері күні аясында республикалық «Абай оқулары» өтті.

Жыл сайын ұйымдастырылып отыратын көшпелі шараның биыл Қызылжар жерінде өтуі тегін емес.  Өйткені үстіміздегі жылы теріскей жұрты ұлы ақын Мажан Жұмабаевтың 125 жылдығын атап өтуде.

Бұл шара ел, түркі әлемі тұрмақ  Юнесконың деңгейінде тойлануда. Қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы Мағжан ақын  «Тіл – адам жанының тілмашы» деген қанатты сөз қалдырғанын бірі білсе, бірі біле бермес.

Ана тілге арналған дүбірлі мерекеге өңір халқы ғана емес, өзге аймақтардан да қонақтар көптеп жиналды. Айтулы шараны С. Мұқанов атындағы қазақ  сазды драма театрының  ұжымы «Мағжан үні» атты сахналық  қойылыммен ашты.

Республикалық «Абай оқулары» Қазақстан халқы тілдерінің апталығы аясында өтіп жатқандықтан осы мүмкіндікті пайдаланған жергілікті атқамінерлер өңірде тілге жанашырлық танытып,  мемлекеттік тілдің мәребесін көтеріп жүрген бірқатар ұжымдар мен  қызметкерлерге алғыс хаттар мен мақтау қағаздарын ұсынды.

«Мемлекеттік тілде құжат жүргізуші үздік аудан» ретінде  Айыртау ауданы танылса, «Қазтест» бойынша мемлекеттік тілді меңгерген үздік мекеме» деп СҚО Статистика департаменті танылды. «Қазақстан халқы тілдерін белсенді насихаттаушы мектепке дейінгі білім мекемесі»  Петропавлдағы «Ашық аспан» балабақшасы екен.   

 Ал  Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Мелдешов Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай тіл саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің «Құрмет грамотасымен» Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сара Алдаева, Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданы әкімінің орынбасары Салтанат Әріпхан марапаттады.  

Мұнан соң мемлекеттік тілді насихаттау, оны қоғам өмірінің барлық саласына енгізу Қазақстан халқы тілдері фестивалі аясында республикамыздың түкпір-түкпірінде өтетін, ұлы бабамыздың шығармашылығына арналған Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауымен жалғасты.    

Көркем сөзді көрерменге жан жылуымен жеткізуге, оқу шеберлеріктерін сынауға Петропавлға еліміздің түкпір түкпірінен  16 үміткер жиналды. Олардың   білімі мен білігін, өнері мен өресін бағалайтын қазылар алқасының құрамы да осал болмады. Қоғам қайраткері, «Нұр Отан» партиясының әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Алдан Смайыл
бастаған топ арасында абайтанушылар, «Абай» журналының  редакторлары, филолог пен елге танымал тілшілер болды. Байқау қазақтың белгілі жазушыларының көркемдігі жоғары прозалық  шығармаларынан үзінді оқу» және «Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына орай поэзиялық шығармаларынан үзінді оқу» бойынша екі кезеңнен тұрды.   
Көркемсөз оқу барысында шығарманың таңдалуына, қатысушының орындау шеберлігіне, сахналық дайындығына баса назар аударылды.  Байқаудың екінші турында сайыскерлер Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына орай оның  поэзиялық шығармаларынан үзінді оқу үрдісін сақтай отырып, поэзиялық шығарманы мәнерлеп, түсініп, сезініп, автор мен кейіпкердің түпкі ойымен өз көзқарасын сабақтастыра білуі тиіс еді. Осы ретте үміткерлер де бар өнерлерін салып, жиналған жұртты барынша тәнті етуге тырысты.

Байқауда білімі мен біліктілігін, мәнерлеп оқу дағдысы мен сөзге шеберлігін көрсеткен үміткерлеріміздің өнерін таразылаған үміткерлерге қазылар алқасы  әділ бағасын берді. Олар бірауыздан 250 мың теңге бас жүлде мен  арнайы  дипломды Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданынан келген Сая Бекбосыноваға табыстауды ұйғарды. Өрімдей жеңімпаз қыз өзінің алдағы мақсаттары мен байқаудың ерекшеліктері туралы assembly.kz тілшісімен  сыр бөлісті.

     – Сая, жеңісің құтты болсын,  өзің туралы айта кетсең....     

     – Мен Шығыс Қазақстан облысы , Зайсан ауданында қазақ мектебінде 11 сыныпта оқимын.

    – Бүгінгі   қарсыластарың осал болмады ау, білуімше?

    – Иә, қарсыластарымның бәрі жақсы дайындықтарын танытты.  17-29 жас аралығындағы жастар, барлығы – 16 адам қатысты. Көбі студенттер,  қазақ тілі мен әдебиетінің ұстаздары, араларында кәсіби актерлер мен актрисалар да болды. Мен сияқты оқушылар аз десем, артық емес.

    – Абай шығармашылығына неше жасыңнан ден қоя бастадың?  

    – Мен Абай шығармаларын бесінші сыныптан бері жаттап келемін. Сол кезде қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс берген Жәмила Жұмашқызы атты ұстазыма алғысым шексіз. Ол кісі сабаққа келген сайын менен Абайдың бір өлеңін жаттап келуімді сұрайтын, Сол кісінің талабының арқасында міне осындай деңгейге жеттім. Алты жыл бұрын Абайдың 60 өлеңін жаттап, тұңғыш рет аудандық Абай оқуларына қатыстым да бірден жеңімпаз атандым. Келесі жылы облыстық конкурсқа 100 өлеңмен, 15 қара сөзімен, 3 поэмасымен барып, бас жүлдені жеңіп алдым.  

    – Ал республикалық деңгейде қанша рет өнер көрсеттің?  

    – Бұл менің ел деңгейінде алғаш рет байқауға қатысуым. Бірден бас жүлде бұйырғанына өзім  не сенерімді, не сенбесімді әлі білмей тұрмын.

    – Бүгінгі сайысқа қандай шығармалар  дайындап келіп едің?

    – Алғашқы кезеңде еркін тақырып болғандықтан мен Оралхан Бөкейдің  «Жесірлер»  драмасынан үзінді ойнадым, екінші кезеңде  Мағжан Жұмабаевтың «Жауға түскен жанға» деген өлеңін оқыдым.

    – Жеңіске не себеп, не алғышарт болды?

    – Қарсыластарымның дені  кәсіби актер , актрисалар болғандықтан олар сахналауға көп көңіл бөлген сияқты деймін. Мені аудандағы белді режиссер сайысқа дайныдады да, әр шумаққа арнайы іс- қимыл лайықтады . Яғни сахнада артық қимыл болған жоқ.  

    – Алдағы жоспарларың қандай?

    – Енді 11 сынып оқушысы болғандықтан мұндай байқауларды уақытша ысырып қойып, тек Ұлттық Бірыңғай тестілеуге  дайындаламын. 

    – Жүлдеңді неге жаратасың?

    – Анама беремін, отбасымның кем кетігін түзеуге тигізген кішкентай болса да үлесім ғой.  

    – Болашақта кім болуды армандайсың?

    – Актриса болсам деген арманым бар, сондықтан алдағы бірінші мақсат- мектепті жақсы тәмамдап, жоғары оқу орнына түсу . 

    – Сұхбат бергенің үшін рахмет...

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз. 

  

Дата события Ассамблеи: 
Сенбі, 15 Қыркүйек, 2018

Жаңа пікірді жазу

Plain text

  • No HTML tags allowed.
  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.